Кездесу барысында қала прокуроры білім грантының талаптары туралы әңгімелеп, грантты жеңіп алған озат білім алушылармен сұхбат құрды. Жастардың айтуынша бұл оларды қанаттандырып жігерлендіре түсті. Прокурор құқық қорғау саласындағы мол тәжірибесімен бөлісе отырып, білімге құштар жастардың әртүрлі сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Өз кезегінде Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің Басқарма басшысы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев оқу ордасының жастарға көрсетіп жатқан әлеуметтік қолдаулары мен алдағы стратегиялық даму жоспары туралы баяндады.
Генерал Ғ.Мұқанов өз сөзінде қала аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуына жастардың да үлесі басым екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттерді прокуратура органдарында өндірістік іс-тәжірибеден өтуге бар мүмкіндікті қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, студенттік омбудсмен бастаған ЖОО белсенді жастарымен бірге кешенді бағдарламалық жобаларды іске асыратынын айтты.
Кездесу барысында сөз алған университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ұлттық Заң академиясының корреспондент мүшесі Битұрсын Ғалымжан: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» идеологиясы өзін «құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет» деп таныған елімізді жарқын болашаққа бастайтын аса маңызды бастама деп санаймыз. Олай дейтініміз, заң талаптары баршаға ортақ, тәртіп болған жерде таразы басы теңеседі. Ал заң талаптары бұзылып, тәртіпсіздік орын алған жағдайда адамдар азғындап, қоғам құлдырайды. Қоғамдағы саяси тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына бірден-бір жауапты әрі құзырлы орган – Қазақстан Республикасының Прокуратурасы» деді.
Кездесу соңында қала прокуроры бастаған аудан прокурорлары университет жастарының қолымен жасалған «жасанды интеллект» алаңымен және «коворкинг» орталығының жұмысымен танысты.
ШЫМКЕНТ